Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулы Мишель Еркинмен кездесті. Ресми жүздесу барысында экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы екіжақты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.


Тараптар туризм мен білім беру салаларын дамыту бойынша өзара әріптестік жайлы пікір алмасып, ой бөлісті. Өңір басшысы америкалық компаниялардың Түркістан облысында тиімді әрі ұзақмерзімді жұмыс жүргізуі үшін барлық жағдай жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар, аймақтың табиғи ресурстарға бай екені де айтылды. Қолайлы климаттық жағдай ауыл шаруашылығымен жыл бойы тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Түркістан облысын екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды өңірлердің бірі ретінде атап өтті. Консул аймақтың тарихи-мәдени мұраларына, туризм саласын дамытудағы әлеуетіне және болашақ экономикалық даму бағыттарына жоғары баға беріп, даму тұжырымдамасындағы бірқатар жобаларға қызығушылық танытты. Сондай-ақ білім саласында тәжірибе алмасуға ниетті екенін білдірді. Кездесу соңында тараптар бірлескен жобалар мен серіктестік мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендіктерін жеткізді.