Мемлекет жеңіл өнеркәсіптің дамуына айрықша қолдау көрсетіп келеді. Сол қолдаудың нақты нәтижесін көрсетіп жүрген ірі кәсіпорындардың бірі – «Назар Текстиль» кілем фабрикасы. Бірнеше жыл бұрын ғана ел нарығында өз жұмысын бастаған өндіріс орны бүгінде кілем өндірісінің көшбасшыларының қатарында. Фабрика алғашқы күннен-ақ тұтынушыға сапалы өнім ұсынып, заманауи технология мен ұлттық нақышты үйлестіруді басты қағидат еткен.
Фабрикада кілем тоқудың толық циклы жолға қойылған. Жоғары сапалы шикізат арнайы өңдеуден өтіп, әлемдік стандарттарға сай тоқу станоктарында өрнек пен түс үйлесімі мұқият дайындалады. Бұл үдерістің барлығы тәжірибелі мамандардың қолынан өтіп, жоғары сапалы дайын өнімнің шығуына жол ашады.
КЕЛЕСБЕК ПОЛАТ, БАС ИНЖЕНЕР
Кілем және тоқыма өнеркәсібі еліміздегі мұнай, газ секілді салалармен салыстырғанда төмен бәсекелі блокқа жатады. Дегенмен ішкі нарықты толық қамтамасыз ететін өндірістік қуат қалыптасты. Саланы дамытуға қабілетті ғылыми-өндірістік әлеуетіміз жеткілікті.
«Назар Текстиль» тек сапалы кілем ұсынып қана қоймай, екі жүз адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әлеуметтік жауапкершілікті басты назарда ұстайтын кәсіпорын Қазақстанда жасалған өнімді насихаттап, импортты алмастыруға үлес қосып келеді.
НҰРЖАМАЛ НЫШАНБАЕВА, ШЕБЕР
Шикізаттың заманауи түрлерінің көбі өзге елдерден жеткізіледі. Бұл салада шешілуі тиіс мәселелер бар. Дегенмен фабрика қолжетімді баға мен сапаны қатар ұстап келеді.
Бүгінде «Назар Текстильдің» өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарында сатылуда. Отандық кілемдер шетелдік тауарлардан кем түспейді. Фабрика жақында «Алтын Сапа» республикалық байқауында «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясын жеңіп алды.