Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында инвестициялық саясатты қайта қарау қажеттігі ерекше аталды. Мемлекет басшысы шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологияларға басымдық беру керек екенін баса айтты. Осы ретте ауылшаруашылық саласын дамыту - басты назарда.


Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанып, геосаяси тұрақтылықты сақтап отыр. Президент тек ішкі саясатты емес, халықаралық ахуалды да қамтып, алдағы жылдарға арналған стратегиялық мақсаттарды нақты айқындады.


ӘЛІБЕК НҰРТАЕВ, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ РЕКТОРЫ М.У.А

 Биылғы жолдаудың ерекшелігі – президентіміз қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға тоқталды. Бұған қарамастан даму жолымызды жалғастыруымыз қажет.


 Агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту - маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта шетелдік инвесторлармен серіктестікті нығайту және бөлінетін қаржыны тиімді пайдалану қажет.


ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, Ф.Ғ.Д., ПРОФЕССОР

Ауылшаруашылығын қолдау бұрынғыдан өзгеше. Қаржыны далаға шашпай, нақты бағыттарға жұмсау көзделген. Бұл -ауылшаруашылығын қолдаудағы жаңа кезең.


 Жолдауда мал шаруашылығындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеу тапсырылды. Негізгі мақсат - ішкі нарықты ет өнімдерімен толық қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру. Ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлу - экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Жаңа тәсілдер арқылы салаға серпін берілсе, ауылдық аймақтардың дамуы да жеделдей түспек.