Түркістан облысында биыл құны 5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі 343 жоба сүйемелдеуге алынды. Оның 205-і іске қосылып, 31,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар жыл соңына дейін толық жүзеге асырылмақ. Аппараттық мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді қолдау шараларын күшейтіп, өндірістік ғимараттар құрылысын жеделдетуді тапсырды.


 Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының дерегінше, биылғы жеті айда шағын және орта бизнес оң өсім көрсетті. Сала төрт бағытта дамып жатыр: бизнес жобаларды жүзеге асыру, қаржылай қолдау, индустриялды аймақтар мен өндірістік парктерді дамыту. Биылдың өзінде 181 жобаға 22,8 млрд теңге бөлініп, «Өрлеу» бағдарламасы аясында қаржыландыру басталған.


НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Шағын және орта кәсіп саласында облыста 214 мыңға жуық жоба жұмыс істейді. Бұл көрсеткішпен Түркістан Алматы мен Астанадан кейін үшінші орында. 84 орта бизнес субъектісі бар, қалғаны – шағын бизнес өкілдері.


Аймақта жаңа өндіріс орындары да ашылды. Шардарада күріш өңдеу, Жетісайда мия тамырын қайта өңдеу мен медициналық мақта өндірісі, Қазығұртта сүт зауыты, Ордабасыда металл мен сұйық мақта майын өндіру, Арыста вагон жөндеу кәсіпорны іске қосылды. Жыл соңына дейін мақта тұқымын өңдеу, жоңышқа түйіршіктеу, пластик құбыр, бетон бұйымдары және ауыл шаруашылығы техникасына арналған жабдықтар өндірісі жолға қойылмақ.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Нақты халыққа жұмыс беретін кәсіпорындар ашу керек. Шағын және орта кәсіпті дамыту жұмыстарын күшейтіп, желтоқсан айына дейін әр аудан-қалада кемінде бес өндірістік парк ашуды тапсырамын.


 Айта кетейік, Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау үшін 20 индустриялды аймақ жұмыс істейді. Сауранда 148 өндірістік ғимарат салынып жатыр, бұл тәжірибе өзге аудандарда да енгізілмек. Сонымен қатар Шардара мен Түркістан қалаларында өндірістік парктердің құрылысы басталды. Осындай жобалар өңір экономикасын дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады.