Менингиттен сақ болыңыз! Басыңыз ауырып, мойныңыз алдына қарай иілмей, дене қызуыңыз 40 градусқа бірден көтерілсе, тез арада дәрігер шақыртыңыз. Ауру асқынған жағдайда өміріңізге қауіп төнуі мүмкін. Егер, ми құртын дер кезінде емдесе, құлан таза айығуға болады, дейді дәрігерлер.


 Жыл басынан бері 41 адам менингит жұқтырған. Оның ішінде менингакок инфекциясы 1 адамнан табылса, іріңді түріне 13 адам шалдыққан. Ал, серозды менингитті 27 адам жұқтырған. Аурудың негізгі тудырушы күші вирустар мен бактериялар. Сирек жағдайда саңырауқұлақтардан жұғуы мүмкін. Жас талғамайтын жұқпалы кесел ми мен жұлын қабықтарын қабындырады. Дерттің дендеуіне тосқауыл болатын бірден – бір жол ол екпе алу екен.


 ПЕРИЗАТ МАҚҰЛБЕК, ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ САНИТАРЛЫҚ – ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

«Ересек адамдарда көбінде стрептококк, пневнококк инфекциялары тудыратын болса, жаңа туған нәрестелерде менингитті жиі стрептококк бактериялары туындатқызады. Ал, 4 – 5 жас, балабақшадағы балаларда көбінде вирусты менингиттер, яғни энторовирусты инфекциялардан туындаған менингиттер жиі кездеседі. Ол аллиментарлы жолмен берілуі мүмкін. Негізінен менингиттің берілуі ауа тамшылары арқылы, жөтелгенде, түшкіргенде жұғады. Серозды менингит жаз айларында жиі кездеседі. Қайнамаған суды ішкен кезде, тоғандарға шомылған жағдайда жұғуы мүмкін».


Бүгінде жағдай тұрақты. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ, дейді санитар мамандар. Сондай – ақ, күзгі мезгілде үй жануарлары мен аң құстардан алшақ жүруді ескертеді. Өйткені, құтыру ауруына қауіп бар.


 Шымкентте соңғы 5 – 6 жылдың ішінде құтыру тіркелмеген. Бастапқыда белгілері байқалмайтын аса қауіпті ауру, жануарлар мен аң – құстардың сілекейі арқылы адам ағзасына еніп, аяғында өлімге әкеліп соқтырады. Алдын – алудың жалғыз жолы вакцина, дейді ақ халаттылар.