Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірісті күшейтуді көздейді. Өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, кәсіп ашудың тиімді тұстарын таныстырды. Жаңа өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам тұрмыстық және кеңсе тауарын шығарып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл саланың нарықтағы импорт үлесі 80%-дан асады. Сондықтан шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық өндірісті арттыру көзделген.Қағаз өндірісі саласында толық циклді кәсіпорын ашу, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы құралдары мен өнеркәсіп жабдықтарын шығару жобалары қарастырылуда. Мұндай әртараптандыру өңірдегі өндірістік кластерді кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның инвестиция үшін қолайлы аймақ екенін атап өтті. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізі арқылы аймақ өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік зор. Инвесторларға салықтық жеңілдіктер, логистика және инфрақұрылымдық қолдау ұсынылады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында өндіріс ашуға барлық жағдай жасалған. Жобалар іске асса, өңірдің өнеркәсіп әлеуеті артып, импортқа тәуелділік азаяды.