«Қуаныштан көзіме жас алдым.» Бокстан әлем чемпионатын бағындырған қос чемпионның әкесі Айдархан Сабырханұлы ұлдарының жеңісінен кейінгі сезімді айтып жеткізу қиын деп отыр. Арнамыздың түсірілім тобы Шымкенттік чемпиондар отбасында болып әулеттің қуанышына ортақтасып қайтты. Толығырақ Олжас Асылханның сюжетінде.


 Қос чемпионның әкесі Айдархан Сабырханұлы жеңістен кейінгі сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес дейді. Тақым қысып, теледидарға кіріп кете жаздағандарына айтады. Ағамыз ұлдарын кішкентайынан спортқа баулып өсірген. Қора тазалатып, қырға қарай жүгіртіп, жаттығу жасатады. Өзі де кезінде күреспен айналысқан. Кім жарыстан жеңімпаз болып келсе 2-3 күн үй тірлігінен босайды. Үйде темірдей тәртіп, ұлдарын кешке көп сыртқа шығара бермейді.


АЙДАРХАН САБЫРХАНҰЛЫ, ҚОС ЧЕМПИОННЫҢ ӘКЕСІ

Махмудымыз шықты 4 класстан қатыстырдым. Оның біраз ынтасы болды. Жетістіктері мықты болды. Үйде жұмыс істейтін кезде малақты арбамен емес шелекпен алып жаттығатын. Қыр түбінде тұрамыз. Қырға жүгіртемін, қарап отыратынмын. Одан кейін Төрехан шықты. Ағасының артынан қайталайды. Қырға шығып сайға түскенде мен чемпион болам деп жүігіретін.


 Чемпиондардың әкесі ұлдарының жұдырықтасқанын үйде теледидар арқылы көргенді жөн көремін дейді. Ал, шағын ғана Маятас ауылының тұрғындары жерлестерінің ақтық кездесуін үлкен экран арқылы тамашалап,жеңісті бірге тойлады.


 Махмұд пен Төрехан бес ағайынды.Үлкен ағаларының ережесіз жекпе-жектен жеткен жетістігі көп. Әлемдік чемпионатта ұлдарымының топ жаруы сол өжеттігі мен ұстаздарының тынымсыз еңбегінің жемісі дейді қос батырдың әкесі. Бүгінде ауыл балалары да ағаларына қарап өсіп келеді.


ОЛЖАС АСЫЛХАН, ТІЛШІ

Махмуд пен Төрехан боксты осы мектептік кішкене ғана залында бастаған. Қазір мұнда олардың артынан ілесіп келе жатқан балалар спортпен айналысады.


Қос қыранның анасы қарапайым мейірбике. Ұлдары рингке шыққанда олардың тілеуін тілеп, ас үйде отыратынан айтады. Отағасы мен бауырларымның қуанышты дауысын естіп балаларымның жеңгенін байқап отырамын дейді.


МЕҢТАЙ АСЫЛОВА, ҚОС ЧЕМПИОННЫҢ АНАСЫ

 Ең соңғы жарыстағы қобалжу қатты болды. Бірақ Махмудқа ешқандай қобалжымадым. Оған сенім мол болды, себебі ол көптеген жарыстарды көрген. Ал Төрехан жас болғаннан кейін, уайымдадым. Махмудпен телефонмен сөйлескенде айтам ініңі үйрет деп. Ар жақтан Төрехан шығып қазір мама жеңіп келем дейді. Аумин аумин деп отырамын.


НӘЗІК САБЫРХАНҚЫЗЫ, ҚОС ЧЕМПИОННЫҢ АПАСЫ

 Көргенде тақымымызды қысып не болды деп терлепте кеттік. Жеңгеннен кейін қуанғанымыз соншалықты айтып жеткізе алмаймыз. 


 Бокстан Ливерпуль қаласындағы өткен әлем чемпионатында біздің команда 7 алтын қанжығалады. Соның екеуін ағайынды Махмұд пен Төрехан қоржынға салды.Чемпионатта Махмұд Сабырхан ең жылдам нокауттың авторы ретінде екі дүркін әлем чемпионы атанды.Ал, інісі Төрехан 19 жасында ең жас боксшы ретінде әлем чемпионы атанып, тарихқа енді. Осылайша ересектер арасындағы чемпионатта Қазақстанда алғаш рет бір үйдің екі баласы бірдей алтын жүлде иеленді.