Республика күні – Қазақстанның тәуелсіздікке бет алған, дербес ел болуға деген тарихи шешімін айқындаған ұлы күн. Бұл мереке – халқымыздың азаттығы мен егемендігіне жол ашқан сәтті еске салатын, ұлттық рухты көтеретін айрықша мейрам.
1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік декларациясы – ел тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Сол күннен бастап Қазақстан өз тағдырын өзі айқындап, еркіндікке нық қадам басты. Бұл күн – мемлекетіміздің іргетасы қаланған сәт, тәуелсіздікке апарар алғашқы баспалдақ еді.
Бүгінде Республика күні – елдің бірлігі мен тұтастығын, халқымыздың ынтымағы мен татулығын айқындайтын мереке. Осы күні біз мемлекетіміздің өткені мен бүгініне көз салып, болашаққа сеніммен қараймыз.
Республика – әр азаматтың ортақ үйі. Сондықтан бұл мереке – тек тарихқа тағзым ету ғана емес, елге деген сүйіспеншілікті, отаншылдық сезімді арттыратын күн.
Бейбіт өміріміз бен тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Республикамыз гүлдене берсін, көк туымыз көкте желбірей берсін!