Қазіргі заман – цифрландыру мен технологияның өркендеген уақыты. Смартфон, интернет, әлеуметтік желі — бәрі де ақпаратты көз ілеспес жылдамдықпен таратып отыр. Шынында да, соңғы жылдары баспа кітаптан гөрі электронды нұсқаларды, қысқа форматтағы мәтіндерді, бейнежазбаларды жиі тұтыну үрдісі байқалады. Көп адам бұрынғыдай кітап алып, парақтап оқуға уақыт таппайды. Алайда бұл — кітапқа деген сүйіспеншіліктің азайғанын білдірмейді, тек оның формасы өзгерді деуге болады.


Кітап оқу — адамның ой-өрісін кеңейтетін, тіл байлығын арттыратын, рухани тәрбиенің басты көзі. Кітап – ойлау қабілетін жетілдіріп, өмірге көзқарасты қалыптастырады. Ал оқу мәдениеті дегеніміз – жай ғана кітап парақтау емес, оқығанын түсіну, сараптау және өмірде қолдана білу қабілеті.


Қазақ халқы ежелден кітапты киелі дүниеге балаған. “Оқы, біл, ізден” деген өсиет – ұлттың болашағына бағытталған қағида. Ал қазіргі жастар үшін бұл өсиеттің жаңа көрінісі – электронды кітапханалар мен онлайн білім платформалары.


Бір жағынан, цифрландыру оқуға қолжетімділікті арттырды. Бұрын сирек кездесетін әдебиеттерді іздеп кітапхананы араласақ, бүгінде бірнеше батырманы басу арқылы қалаған шығарманы оқи аламыз. Электронды кітаптар мен аудиоформаттар – уақыт үнемдеудің тиімді тәсілі. Екінші жағынан, гаджетке тәуелділік терең оқуға кедергі келтіріп отыр. Қысқа мәтіндерге үйренген сана ұзақ мәтінді қабылдауға шыдамсыз бола бастады. Бұл – қазіргі қоғамдағы басты сын.


Кітап оқу мен цифрландыруды бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырады. Технология кітапты ығыстырмай, оның таралу жолын кеңейтті. Онлайн кітапханалар, оқу клубтары, электронды платформалар – барлығы оқуға жаңа серпін беріп отыр. Мәселе – адамда. Егер әркім өз уақытын тиімді жоспарлап, ақпараттың сапалысын таңдаса, цифрлық дәуір кітап оқу мәдениетін әлсіретпейді, қайта дамытады.


Цифрландыру – кітаптың жауы емес, жаңа мүмкіндігі. Бастысы – адамда рухани сұраныс, білімге құштарлық болса, ол қағаз кітаптан да, экраннан да қажетті нәрін алады. Сондықтан бүгінгі қоғамның міндеті – технология мен руханиятты үйлестіріп, кітап оқу мәдениетін заман талабына сай жаңаша дамыту. Кітап оқитын ұлт – ойлайтын, ізденетін, өркендейтін ұлт.