Шымкент қаласының көпұлтты келбеті – еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің айқын көрінісі. Осында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері Қазақстанды ортақ үйі, ортақ Отаны деп біледі. Республика күні мерекесі – сол татулық пен өзара сыйластықтың символына айналған ерекше күн.


Бұл мереке тәуелсіз елдің мемлекеттілігін, халықтың еркіндігін және болашаққа деген сенімін айшықтайды. Әр ұлт пен ұлыс өкілінің жүрегінде бұл күнге деген ерекше құрмет бар. Өйткені Республика күні – бірлік пен тұрақтылықтың, бейбіт өмір мен өзара түсіністіктің салтанаты.


Шымкентте тұратын өзбек ұлтының өкілдері де осы елдің дамуына өз үлесін қосып, Қазақстанның жетістіктерін өз табыстарындай қабылдайды. Олар үшін егемен еліміздің тыныштығы мен татулығы – ең қымбат құндылық. Көп ұлтты қоғамда бірлік пен сыйластықтың сақталуы – елдің саяси тұрақтылығының және парасатты саясаттың жемісі.


Бүгінде Қазақстан – барша этностардың ортақ мүддесін қорғап, тең мүмкіндікке жол ашқан мемлекет. Бұл – елдегі ұлтаралық келісім мен достықтың арқасында мүмкін болған жетістік. Республика күні сол ынтымақ пен өзара құрметті тағы да бір еске салып, әр азаматтың бойында Отанға деген мақтаныш сезімін күшейтеді.


 Республика күні – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа сенім. Осы сенімді әр қазақстандық жүрегінде сақтап, ел бірлігін бекемдеуге атсалысу – ортақ парыз.