Жұқпалы аурулар – адам денсаулығына тікелей қауіп төндіретін, тез таралатын және кей жағдайда ауыр асқынуларға әкелетін дерт түрлері. Қазіргі таңда медицина дамып, емдеу әдістері жетілдірілгенімен, аурудың таралу қаупі әлі де жоғары. Сондықтан ең бастысы – емделуден бұрын, оның алдын алу.


Жұқпалы аурулардың көбі ауа арқылы, тұрмыстық заттармен немесе тағам арқылы тарайды. Әсіресе тұмау, қызылша, менингит, гепатит, ішек инфекциялары мен коронавирус сияқты індеттер адамнан адамға оңай жұғады. Осындай аурулардың алдын алу үшін қарапайым санитариялық-гигиеналық ережелерді сақтау – ең тиімді қорғаныс тәсілі.


 Бірінші кезекте жеке гигиена сақталуы тиіс. Қолды жиі және дұрыс жуу – инфекцияның таралуын тоқтатудың ең қарапайым әрі тиімді жолы. Әсіресе тамақ ішер алдында, көше мен қоғамдық көліктен кейін, дәретханадан соң міндетті түрде қол сабынмен жуылуы қажет. Екінші – таза тағам мен судың маңызы зор. Жууға келмеген көкөніс пен жеміс-жидектер, дұрыс сақталмаған тамақ өнімдері ішек инфекцияларын тудыруы мүмкін. Сондықтан ас дайындау мен сақтау кезінде санитариялық талаптар қатаң сақталуы керек.


 Үшінші – иммунитетті күшейту. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, таза ауада серуендеу және дене белсенділігі ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады. Сондай-ақ, маусымдық екпелерді уақытылы алу – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең сенімді жолы.


 қоғамдық орындардағы тәртіп. Адам көп жиналатын жерлерде, әсіресе ауру өршіп тұрған кезеңде, бетперде тағу және қашықтық сақтау – өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды да қорғау. тұрмыстық тазалық. Үй-жайларды жиі желдетіп, еден мен заттарды залалсыздандырып отыру қажет. Вирустар мен бактериялар көбіне жабық әрі лас ортада тез көбейеді.


Жұқпалы аурудың алғашқы белгілері байқалғанда өз бетімен емделмей, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек. Уақытылы қойылған диагноз әрі дұрыс емдеу асқынудың алдын алады және өзгелерге жұқтыру қаупін азайтады. Қорыта айтқанда, жұқпалы аурулардан қорғану – тек дәрігердің немесе санитар мамандардың емес, әр адамның жеке жауапкершілігі. Тазалық пен сақтық – денсаулық кепілі. Ал қоғамның дені сау болуы – елдің тұрақты дамуының негізгі шарты.