Осыған орай Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. «Сұлулықтың сезімтал серісі». Қатысушылар осы тақырып аясында сыр тарқатты.

Талай басылымға басшылық етіп, әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған сыршыл ақын 1925 жылы дүниеге келген. Жастайынан оқуда озат болады.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне студент болып қабылданған оның тырнақалды туындысы «Ар» деген атпен 1945 жылы жарыққа шықты. Бұл жиналған қауым - ақынның осы сияқты бірнеше кітабын кезінде басына жастанып, ұйықтағандар.

Сәрсен Бек Сахабат, ақын, түркітанушы:

Қазақ деген ұлтты төбеге көтеріп, оның мәртебесін ойлаған осы Қуандық Шаңғытбаев.  Оны қазақ поэзиясының ары деп аталуға толық хақы бар.

Лаззат Мүсілім Шымкент Әлеуметтік педагогикалық университетінде оқиды. Оның да әдебиетке жаны жақын. «Қаламгердің кез келген шығармасын алып, қарасаңыз, тәрбиелік маңызы зор», - дейді.  Басқосуда сөз қадірін бөз қадірінен артық көретін бойжеткен алдағы саяси науқанды   тілге тиек етіп, қаламгердің  «Сайлау күні» атты шығармасын мәнерлеп оқыды.

Шарада ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Сөнбес сәуле» атты бейнефильм көрсетілді. Студенттер кештің мәртебелі меймандары - жайшылықта күнде кездесе бермейтін ақын-жазушыларымен  дидарласып, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Әдебиетке бір табан жақын азамат қана жақсы тәрбие негіздерін бойына сіңіретінін көкейге түйді.

 

Әйгерім ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ