Бұл мағлұматтар  Ұлттық бірыңғай тестілеу мен  қабылдау емтихандарының қорытындылары талқыланған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кезекті селекторлық отырысында айтылды.  Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  және өңірдегі сала жетекшілері онлайн режимінде қатысты. Айту керек, биыл түстікте 32 871 оқушы алтын ұя мектебімен қоштасты.  Мемлекеттік тестілеуге  21 323 түлек қатысқан.  Маңызды сында  100 және 120 балға дейін жинағандар 3004 болды.  Ең жоғары шектік балл 121-ден 140 ұпайға дейінгі межені  1109 жас бағындырды.  Шекті деңгейден өтпеген, яғни, 50 балдан төмен жинаған оқушылар саны  – 2 776.Олар қайтадан тестілеуге қатыса алады.  Құжаттарды қабылдау 1-8 тамыз аралығында,  ал тестілеу – 19-24 тамыз аралығында өтеді.  Межелік деңгейден қайта сүрінгендерге жоғары оқу орнында бір семестр бойы ақылы негізде  оқуға мүмкіндік беріледі. Жалпы, оңтүстікқазақстандық мектеп бітірушілердің биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудегі орташа білім көрсеткіші  76,8 баллға пара-пар болды Ал, республика жастарының орта балы – 80.5 ұпайға тең.  

ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы