Бұл кадрлар белгілі журналист Мұхтар Атабектің өмірінің соңғы күндеріндегі түсірілімі. Әлі көгілдір экранға жол тартып үлгермеген сұхбаттар Түркістан қаласынан арнайы  ұйымдастырылған еді. Бүгін сол іс-сапардың бейнетаспасы естелік болып қаларын кім біліпті, десеңші.

Уәли Қыдыр – Қазақстан журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы «Оңтүстік» телеарнасының директоры

Қаз МҰУ-нің журналистика факультетін 1993жылы бітірген Мұхтар Атабек кәсіби еңбек жолын «Жас Алаш» газетінде редактор болып бастаған. Тиянақты тірлігімен көптің көзіне түскен жас журналист сол басылымда парламеттік тілші дәрежесіне дейін көтерілген. «Қылмыс пен жаза», «Ар-Дақ», «Замана», «Жаңалық» газеттерімен қатар, Қазақ радиосының тамырына қан жүгіткен жаны жайсаң жан, өмірде жылы орын, жұмсақ кресло іздемеді, деп жанында жүрген достары еске алады.

Серікқали Мұқашев – Журналист досы

Көгілдір экран арқылы, халқына тек жағымды жаңалық жеткізуге асығатын дара тұлғаның әріптестерінің арасында шоқтығы әрқашан биік тұратын. Қос бөлімді басқарса да қарапайымдылығынан танбаған Мұхтар Атабек қара шаңыраққа 16 жыл ғұмырын арнапты. Студияға кіл мықтыны жиып алып, бүгінгінің әңгімесін айтатын ағамыз, аудан, ауылдан түсірілім жасап, шалғайдағы ағайынның тіршілігін баяндауға асық болатын.

Ермахан Шайхы - Журналист

Өз мамандығын жанындай сүйетін Мұқаң ізінен еріп келе жатқан кейінгі жастарға адалдықтың ақ туын көрсетіп қана қоймай, үлкенге сыйлы, кішіге құрметті бола білді. Қаншама атағы болса, соншалықты төмен қарап иілетін Мұхтар ағаның түсірген фильмдерімен, жазған кітаптары енді естелік болып қалмақ. Аптал азаматымыздың жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады. Мұхтар Орынтайұлының отбасына ұжым атынан қайғыра көңіл айтамыз.

 

Г.Асқарқызы