Ақсукент көпсалалы колледжінің түлектері диплом алды. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік қолдаудың арқасында тегін білім алып, техникалық және медицина мамандығына ие болған. Салтанатты кешке оқу орнының ұстаздары мен ата-аналар қатысып бітіруші түлектердің қуанышына ортақтасты.
Ақсукент көпсалалы колледжін биыл 60 жуық түлек тәмәмдап отыр. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік қолдаудың арқасында тегін білім алып, техникалық және медицина мамандығына ие болуда. Диплом табыстау рәсімінде түлектерге ақ жол тілеген колледж директоры ҚазҰЖҒА академигі, х.ғ.к., профессор Карамат Қуатбекова олардың мамандықтарына адал қызмет ететін, ел дамуына үлес қосатын азамат болатынына сенім білдірді.
Салтанатты жиында үздік оқыған студенттерге қызыл дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Олардың қатарында өндірістік оқуда ерекше көзге түскен жастар да бар. Түлектер өз кезегінде ұстаздарына алғыс айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Көпшілігі жұмысқа орналасуға дайын екенін айтса, кейбірі жоғары оқу орындарына құжат тапсырып үлгерген.
Ақсукент көпсалалы колледжі 2006 жылы құрылған. Өңір жастарына сапалы білім беріп, техникалық және медицина мамандығы бойынша білікті мамандар даярлауда. Колледжде теориямен қатар өндірістік тәжірибеде мықтап қолға алынған. Студенттер түрлі кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Колледж түлектері тек Сайрам ауданында ғана емес, облыс, республика көлемінде еңбек нарығына табысты бейімделіп жүр.