Ордабасы ауданында ірі жобалар жүзеге асып, өңір экономикасының тынысы ашылып келеді. 4 шілде күні аудан әкімдігінің бастамасымен маңызды брифинг ұйымдастырылып, онда кәсіпкерлік, туризм және өндіріс саласындағы жетістіктер мен жаңа бастамалар таныстырылды. Шараға аудан басшылығы, кәсіпкерлер, инвесторлар мен БАҚ өкілдері қатысты.


Баспасөз туры аясында журналистер алдымен Бадам өнеркәсіптік аймағында орналасқан “Central Asia Aluminium Company” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Өндіріс ошағы аудан экономикасына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруда да үлкен үлес қосып отыр.


 Келесі бағыт тарихи әрі рухани мәні зор Ордабасы тауындағы Бірлік монументі болды. Мұнда жүргізіліп жатқан абаттандыру және жаңғырту жұмыстары туризм саласын дамытуға бағытталған. Жоба аясында тарихи орынның инфрақұрылымы жақсартылып, туристерге қолайлы жағдай жасалуда. Ауданның туризм әлеуеті Темірлан ауылындағы “Этноауыл” аллеясында да көрініс тапты. Қонақтар “Темірші” демалыс аймағы және “AirGraft” жобаларымен танысып, болашақта Ордабасының туристік орталыққа айналу мүмкіндігіне көз жеткізді.


Брифинг аясында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев журналистер алдында сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісті. Биыл аудан бюджеті 17 миллиард 946 миллион теңге көлемінде бекітілсе, жыл басынан бері 11 миллиард 549 миллион теңге көлемінде кіріс түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 миллиард 539 миллион теңгеге артық.


Іс-сапар соңында қонақтар Темірлан ауылында ұйымдастырылған еркін форматтағы басқосуға қатысты. Өзара пікір алмасып, белсенділік танытқан БАҚ өкілдері арнайы марапатталды.