Шымкентте Ұлттық домбыра күніне арналған кең ауқымды мерекелік шара өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары Шымсити саябағында ұйымдастырылған думанды кешке жиналды. Мерекелік жиында ұлттық өнеріміздің символына айналған домбыра үні ерекше жаңғырды. Тақырыпты тілші сабақтайды.


Ашық аспан астында өткен концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар мен жас орындаушылар күмбірлеген күйден шашу шашты. Сонымен қатар, жас ақындар арасында "Жеребенің жүйрігі" атты поэзиялық айтыс ұйымдастырылып, көрермен ықыласына бөленді.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бүгінгі концерттік бағдарламада бес мектептің шығармалары орындалады. Сондай-ақ, еліміздің атақты композиторларының шығармалары орындалып жатыр


Іс-шара "Шым қала кештері" жобасы аясында өтті. Ұлттық аспапты ұлықтаған кеште қатысушылар халық мұрасын насихаттаудың маңыздылығын атап өтіп, атадан қалған асыл мұраны құрметтеуге шақырды.


ЖАМБЫЛ МЕЙІРБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ БАС ДИРИЖЕРІ

Домбыра күні - бұл ұлттық мереке деп айтуға болады. Осыған дейін талай іс-шара өтті. Домбыра күннің мақсаты: қазақтың төл өнерен насихаттау. 


Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен бұл мәдени кеш Астана күнімен тұспа-тұс келіп, қос мерекенің қуанышын еселеді.