12 айға созылған «Жеребенің жүйрігі» өз мәресіне жетті. Өңірдің от ауызды ақындарын бір алаңға тоғыстырған айтыс аламаны көременін қызықтырып, тыңдарманды сүйсінтті. 12 ақын өзара сөз қағыстырып, шын мықтыны анықтады.
Өткен жылдың шілде айында басталған бәсекеде ай сайын бір жеңімпаз анықталып отырды. Іріктеу кезеңіне жиырмадан аса айтыскер қатысты. Басты мақсат жас жүйріктерді анықтап, сөз мергенін жетілдіру.
БІРЖАН БАЙТУОВ, ҚАРАТАУ ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Соңғы жылдары айтыс ақындарына жаттанды болып кетті деген сын айтыла бастады. Келісіп алады екен, суырып салмайды екен деп. Сол мақсатта жастарды суырып салуға бағыттау үшін басталған жобамыз.»
Ақындар жеребе арқылы жұпталды. Бұл көрерменге алдын-ала келісімнің болмағанын, қарсыластардың сол сәтте анықталғанын дәлелдеді. Жүйріктер қоғамдағы түйіткілді мәселелерді жырға қосып, ой-пікірлерін ортаға салды.
НҰРДӘУЛЕТ ӨМІРБЕКОВ, АЙТЫСКЕР-АҚЫН
– «Дайындық жалпы жаман емес. Өзіміз көріп жүрген, танып жүрген ақындар. Тақырып та таныс.»
Ақындар қоғамдық мәселелерді көтерді. Айтар ойын іркіп қалған жоқ. Көп ішінен дараланып, жүзден жүйрік шыққандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Шашасына шаң жұқтырмай, кіл мықтыны басып озған Нұрмахан Жақыпбек бас жүлдені иемденді. Айтуынша, айтыскер ақындарда алдын-ала ішкі дайындық жұмыстары жүреді. Бірақ, сөз жаттап, келісіп алу деген жоқ.
НҰРМАХАН ЖАҚЫПБЕК, АҚЫН
– «Кез-келген ақын, шаршы алаңға шыққан кез-келген балуан жеңем деп шығады ғой. Қарсыласыңмен қалай келісесің? Сен жеңесің, мен жеңілемін деп келісе алмайды ғой ешкім. Келісу деген жоқ, бірақ дайындық болары анық енді.» – «Мен өзімнің дайындығымды айтатын болсам кітапты көбірек оқуға тырысамын.»