Әл-Фараби ауданында санитарлық тазалықты сақтау мақсатында рейдтік шаралар қолға алынды. Бұл бастамаға аудан әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлері жұмыла қатысып, тұрғындардың жеке аумақтарында жиналған заңсыз қоқыс пен құрылыс қалдықтарын анықтауға кірісті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, рейдтің негізгі мақсаты қоршаған ортаны таза ұстау, рұқсатсыз қоқыс тастауға жол бермеу және тұрғындар арасында санитарлық мәдениетті қалыптастыру. Әрбір тұрғын өз ауласындағы тазалыққа тікелей жауапты екенін естен шығармауы тиіс. Қаланың тазалығы – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – дейді аудан әкімдігі өкілдері. Рейд барысында санитарлық талаптарға сай келмейтін бірнеше учаске анықталып, үй иелеріне ескерту берілді. Олардың арасында аудан тұрғыны Абас Тажиева да бар. Оның үй ауласында құрылыс қалдықтары мен қоқыс үйінділері жиналып қалғаны анықталып, полиция тарапынан ресми ескерту жасалды. Ал Абас Тажиева ескертуге түсіністікпен қарап, сол күні-ақ үй ауласын тазалап шықты. Ол тәртіпке бағынатынын айтып, тазалық тыныштықтың кепілі екенін жеткізді. Жергілікті билік мұндай тексерулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын хабарлады.
АБАС ТАЖИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
ЕГЕР АЛЫП ТАСТА ДЕСЕ, ҚАЗІР АЛЫП ТАСТАЙМЫЗ. ЕШҚАНДАЙ БІЗДЕ ШАҒЫМ ЖОҚ.