Шардарада «Батаменен ел көгерер» атты ерекше сайыс өтті. «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұйымдастырған шараға қатысқан батагөй қариялар бес бағыт бойынша бақ сынады.Аузы дуалы, сөзі уәлі аталарымыз  ұрпағымыз өрісті, еліміз аман, халқымыз бай қуатты болсын,деп бата берді.Шараның басты мақсаты – батаны дәріптеу, кейінгі ұрпаққа насихаттап, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту дейді ұйымдастырушылар.

Тегінен сөз қадірін біліп өскен халқымызда жалпы батаны ерекше қастер тұтады.Ұл-қызым өрісті,отбасым аман, еліміз тыныш болсын, деп әрдайым үлкендердің батасын алады. Қазақ дастарханнан ас қайырмайынша тұрмаған. Тіпті сапарға да үлкендерден бата алмайынша шықпаған.Бұл ұлтымыздың  қанына сіңген басты қасиет.Сайыстың мақсаты да осы. Ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдарымызға құрмет көрсете отырып,  батасын алу. 
Батагөй қариялар сайыста екі кезең бойынша сынға түсті. Ақсақалдарымыз алдымен күнделікті өмірде беріп жүрген ақ баталарын берді. Екінші кезеңде конверт ашып, онда жасырылған бағыт бойынша  қол жайған жұртқа ақ тілектерін арнады.Сайыс ережесі бойынша қариялар тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан ұрпаққа, сүндеттелген ұлға, шаңырақ көтерген екі жасқа, дастарғанға ас қайырып, сапарлаған жолаушыға бата беріп жарысты. Сайыс қорытындысы бойынша III-орынды Нысанов Әнуарбек,  II-орынды Сейдалиев Қонарбай, I-орынды Жамалханұлы Болат және бас жүлдені Ілесов Қыстау ағамыз иемденді.
Зейнеткерлерге арнап ашылған «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында білікті дәрігерлер мен медбикелер еңбек етеді. Орталық аз ғана уақыттың ішінде үйінде немере бағып отырған ата-әжелердің жиі бас қосатын сүйікті жеріне айналған. Келген зейнеткерлер бос уақытында шүйіркелесіп әңгіме айтып,түрлі жаттығулар жасап қайтады. Барлық қызмет мемлекет қолдауымен тегін көрсетіледі. Жалпы орталыққа күніне 70-80 келіп ем-домын алады екен. Дәрігерлер мен психологтардан түрлі кеңестер алып, сауығып қайтады.