Түркістан қалалық мәслихатының кезектен тыс 23-сессиясы өтті. Онда қала бюджетіне енгізілетін өзгерістер талқыға түсті. Жыл соңына дейін жүзеге асуы тиіс бірқатар жобаларға қаржы бағытталды. Ал салық түсімдерінің жоспары толық орындалмауына байланысты кейбір мақсатқа бағытталатын қаржылар қысқартылды.


Түркістан қаласының әлеуметтік саласына бөлінетін біршама қаржы қысқартылатын болды. Оның басты себебі жоспарланған салық түсімдерінің толық орындалмауы болды. Экономика бөлімінің басшысы мұны жоспарды асыра жобалаумен байланыстырды.  
Қысқартылатын қаржылар негізінен әлеуметтік салада. Сонымен қатар көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу мен жол салуға байланысты. Бұл жобалар енді келер жылы жүзеге асырылатын болып шешім қабылданды. Себебі қысты күні күрделі жөндеу мен асфальт салуды жүргізбеген дұрыс деді депутаттар. Есесіне облыс пен ресупблика қазынасынан 2,5 млрд теңге қаржы келіп түскен. Бұл қаражат инфрақұрылым жүйелерін салуға жұмсалады.
Сонымен қатар Әкімшілік іскерлік орталықта жаңадан салынып жатқан 63 үйдің  аулаларын абаттандыру жұмыстарына қаржы бағытталатын болды.  Жалпы есеп бойынша республикалық және облыстық трансферттер  есебінен  қала бюджеті 3 млрд 147 млн теңгеге қысқартылды.