Кентау қаласында самбо күресінен жастар арасында Түркістан облысы чемпионатының жалауы көтерілді. Облыс әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан додаға 10 команда, яғни 100-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жеңген балуандар Ақтауда өтетін Ел чемпионатында облыс намысын қорғайды.


Самбо күресінен жастар арасында өтіп жатқан облыс чемпионатының ашылуына дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев қатысып, балуандарға сәттілік тіледі. Қазақстан чемпионатында облыс намысын жоғары деңгейде қорғайды деп сенім білдірді. Сонымен бірге облыстық самбо күресі федерациясының вице-президенті Самат Рысбеков талантты жас спортшыларға қолдау көрсетті. Спорт сайысында 10 команда, яғни 100-ге жуық спортшы қатысуып отыр. Боз кілем төрінде ұлдар да, қыздар да 8 салмақта беледесіп жатыр. Солардың бірі Түркістан қаласының тумасы Мейіржан Амантай облыс чемпионатында топ жарып, Ел чемпионатында өңір намысын асқақтату үшін, бар күш-жігерімді саламын дейді.
Жарысты ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс чемпионатының нәтижесінде 18-і мен 21-ші ақпан аралығында Ақтау қаласында өтетін самбо күресі және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионатына іріктеледі. Облысымызда кейінгі кездері самбо күресі қарқынды дамып келеді. Бұған дәлел Азия, әлем чемпионаттарын бағындырған түркістандық саңлақтардың қатары көп.
Дүбірлі доданың бас төрешісі Самат Арғынбаев болса жас балуандардың арасындағы күрес додасына өңіріміздің ең талантты деген жас спортшылары шақырту алғанын айтты. Ал, талантты бұрымды балуандарды тәрбиелеп келе жатқан білікті күрес маманы Мұхтар Бугенбаев түркістандық қыздардың биік белестерге жететіндіктеріне сенім білдірді.
Ел намысын қорғап, жеңімпаз саңлақ болуды басты мақсат еткен самбошылардың бірі - сарыағаштық Ұлбосын Адилова. Балуан қыз бұл жарысқа тек жеңіс үшін келгенін жеткізді.
Айта кетейік, биыл Алматы қаласында кезекті рет самбо күресінен жастар арасында Азия чемпионаты өтеді деп жоспарланып отыр. Сары құрлық елдерінің жас балуандары арасында өтетін додаға облысымыздың жас спортшылары да қатысып, ел намысын қорғайды.