Төлеби ауданындағы Леңгір және Бірінші Мамыр ауыл округінің тұрғындары өз әкімдерін сайлады. Президент тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы билік өкілдерін сайлау әділ және өз деңгейінде өтті дейді саяси науқанға бас-көз болғандар. Ал, аудан орталығының тізгінін қолға алған Мақсат Жұмабаев халықтың басым даусымен ел сеніміне ие болды. Себебі, ол бұған дейін де мемлекеттік қызметтің сан саласында әбден ысылып, тәжірибе жинаған сақа маман, іскер әкім.


Леңгір қаласында 30 мыңдай тұрғын бар. Әкімдерін таңдауға соның 3-тен 2-сі атсалысты. Сайлау 12 ақпан күні өтіп, 1976  дауыспен жеңіске жеткен Жұмабаев қызметіне білек сыбана кірісіп кетті.
Әкім бол, халқыңа жақын бол. Басты міндет - қарапайым халықтың мүддесі үшін тер төгу, дейді мақсатына жеткен Мақсат Болысбекұлы. Шаһар басшысы сайлауалды бағдарламасын түзгенде, қаланың қарыштап дамуы үшін жүзеге асатын жүздеген жоспар әзірледі. Соның ең негізгісі -  инфрақұрылымды жақсарту ісі.
Халықтың мұң-мұқтажын жаңа әкім бес саусағындай жақсы біледі. Өйткені, сайлау алдында 60-тан аса кездесу өткізді. Бұған түрлі салада әсіресе ең қиыны - коммуналдық салада жетекшілік жасаудағы тәжірибесі де ықпал етті. Аудан орталығында 108 көп қабатты үй бар. Мақсат Болысбекұлы оларды сапалы электр қуатымен қамту үшін Алатау подстанциясын салдырмақшы. Жоба құны -  1 млрд 945 млн теңге. Жалпы, жаңа әкімнің жұмыс жоспары жаңашылдыққа толы. Ал, оны жүзеге асыруда керегі тек – қажырлы еңбек. Өйткені, ел сенімін ақтау керек!