Наурыз мерекесі  Шымкенттің барлық ауданында айрықша тойланды. Бір ғана Абай ауданының мерекелік шарасы бес  мыңнан астам адамның басын біріктірді.


Асар шағынауданының орталығында ұйымдастырылған шарада көптің көңілі шатқа бөленді. Алаңға жиналған ағайын амандық саулық сұрасып шуақты күнде жүздесіп мәз-мейрам болды.  Аудан әкімі салтанатты жиында қаламыздың көркеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Бұхарбай Парманов  аудан халқын құттықтады.
Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық өнер, салт-дәстүр  насихатталды. Кимешек киген аналар мерекенің дәстүрлі тағамын дайындап көпшілікке ұсынды. Аудандық аналар кеңесі дастархан жайып жас келіндерге ас мәзірін үйретті.
Алаң сахынасында қалалық өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Мың бұралған бишілер көптің көзайымына айналды. Жиынға келген қариялар ақ батасын ақтарып ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды. Осылайша Абай ауданындағы наурыз той ерекше аталып өтті.