Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында этнос өкілдері арасында «Ақыл-ой» зияткерлік сайысы өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 10 команда қатысты.
Этнос өкілдерінің достығын, берекелі бірлігін нығайтуды көздеген зияткерлік сайысқа Сауран, Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларынан командалар бақ сынады. Қатысушылар тоғызқұмалақ, шахмат және үстел теннисінен жарысты.
Сайыста үстел теннисінен сайрамдық қатысушы Эрали Абдукадиров қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. ІІ орын сарыағаштық Назил Авдуловқа бұйырса, Саурандық Ғани Налибеков ІІІ орынды қанағат тұтты. Ал шахмат сайысында жетісайлық Анвар Нұрмұратов жеңімпаз атанды. Бұл сайыста ІІ орынды мақтааралдық Миробид Рабиев, ІІІ орынды саурандық Алишер Мамидов иеленді. Сондай-ақ тоғызқұмалақтан саурандық Данияр Турметов топ жарса, кентаулық Бахрам Базарбаев екінші, түлкібастық Даштемир Шимшилов үшінші орындарды місе тұтты. «Үздік қатысушы» номинациясын сайрамдық Шолпан Сихымбаева иеленді.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, оларға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.