Шымкентте көркем сөз байқауы өтті. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа 400-ге жуық бала қатысып, өз бақтарын сынады. Жүзден жүйрік шыққандар Көкшенің төрін жырға бөлейтін болады.
Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңін нақышына келтіре айтқан Жарқынбектің бүгін жұлдызы жанды. Алғашқы жарысында-ақ, жасындай жарқыраған бүлдіршінді әділ қазылар бас жүлдеге лайық деп танып, бағалы сыйлықтарын табыстады.
Көркемсөз байқауына бас-аяғы 400-ге жуық бала қатысып, Абай Құнанбаев, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Ильяс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтың өлеңдерін жатқа айтты. Осылайша қазақтың бетке ұстар тұлғаларын әлемге танытуды көздеген ұйымдастырушылар жас буынның сөз өнерін меңгеру арқылы болашағы жарқын боларына сенімді.
Шымкентте тұсауы кесілген көркем сөз байқауы өзге өңірлерде де өткен болатын. Бұл жолғы жарысқа Қытай мен Өзбекстаннан сондай-ақ, Қырғыз елінен келген бүлдіршіндер де бақ сынады. Жүзден жүйрік шыққандар Бурабайда өтетін жыр додасына жолдаманы жеңіп алды. Ол жақтан да олжалы оралса, Түркия елінде өтетін жарысқа қатысатын болады.