12 - мамыр Халықаралық мейіргерлер күні. Кәсіби мерекеге орай Шымкент қаласының үздік мейіргерлері марапатталды. Бастама орта буын қызметкерлерінің беделін арттыруға сеп болмақ. Денсаулық сақтау басқармасы қолға алған іс-шара Шымкент Жоғары медициналық колледжінде қорытындыланды.
«Өз кәсібінің үздігі» қалалық байқауына «Үздік фельдшер», «Үздік стационар мейіргері», «Үздік акушер», «Үздік МСАК мейіргері» номинацияларына өтінім қалдырған. Оған 25 өтініш түскен. 2 кезеңнен тұратын бұл байқаудың қорытындысына сәйкес 15 сайыскер кіл мықтылар тізіміне енген.
ҒАЛЫМЖАН ӘБІШОВ, ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Сәуір айында әр мекеме өз мамандарын ұсынған болатын. Біз оларды үш номинация бойынша іріктеп алдық. Бұл жерде тек сыннан сүрінбей өтумен қатар өз саласында кәсіби білікті болуы керек.
Бұл күні халықаралық мейіргерлер күніне кәсіп иелеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта, қалалық байқаудың жеңімпаздары республикалық деңгейде өтетін конкурсқа қатысады.
АЛМАГҮЛ БАЙЛИЕВА, МЕЙІРБИКЕ
Еленген еңбегімізге ризамыз. Мына орта буын медицина қызметкерлерін құттықтаймын. Мен өзім осыдан 31 жыл бұрын осы колледжді бітіргенмін. Міне, араға осынша уақыт салып өзім оқыған жерге марапат алуға келіп отырмын.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 11,5-ден астам орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде 8500-і - мемлекеттік, ал 3000-нан астамы - жекеменшік ұйымдарда. Жергілікті бюджет есебінен Жоғары медициналық колледжде жыл сайын 1150 медицина қызметкерінің біліктілікті арттыруға мүмкіндігі бар.