Түлкібас ауданында Жеңістің 80 жылдығына орай Нұрлыбай Қасымбеков атындағы мектептен «Ғибратты ғұмыр» музейі ашылды. Онда соғыс ардагері мен ел үшін жанын қиған батырлардың жүріп өткен жолдары мен ғибратты ғұмырлары туралы жазылған. Абайыл елді мекенінде өткен іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Қоғам және Мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай, аудан әкімі Асқар Естібаев пен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.
Білім ордасынан ашылған музейде Түлкібастан шыққан соғыс ардагері Нұрлыбай Қасымбековтің өмір жолы мен батырдың жәдігерлері қойылған. Сондай-ақ майдангердің соғыс даласындағы жан қиярлық ерліктері туралы естеліктер жазылған. Салтанатты шарада аға буын өкілдері Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі де Ұлы Жеңістің жемісі екенін айтып, бүгінгі шараның маңыздылығын қамтып өтті.
Нұрлыбай Тұңғышбайұлының өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі боларлық сара жол. Оның еңбегін дәріптеу арқылы өскелең ұрпаққа елге адал қызмет етудің, мәдениетті өркендетудің, ел мен жерге шынайы жанашыр болудың маңызын ұғындырады. Игі шараға жиналғандар ауыл ішіндегі ІІ дүние жүзілік соғыс ардагерлерінің ескерткішіне тағзым жасап, құран бағыштады. Сондай-ақ білім ордасының тынысымен танысып, мектеп оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы 60 мектептің 10-да музей жұмыс істеп тұр.
Салтанатты шара соғыс ардагері Нұрлыбай Қасымбековті еске алуға арналған дәстүрлі спорттық турнирмен жалғасын тапты. Футболдан 25-ші, шахматтан 12-ші рет өтіп отырған аудандық турнирге ауылдық округтерден іріктеуден өткен 8 команда, аудандық ардагерлер командасы мен Қасымбековтер әулетінің командасын қосқанда жалпы 10 команда бақ сынады. Осындай спорттық шаралар – тек жарыс емес, рухани сабақ, тағылымы мол тәрбие құралы болары анық.