Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысындағы ауыл шаруашылық саласында жүзеге асып жатқан ауқымды жобалармен танысып қайтты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «басты мақсат – өнімді өңдеп, экспорт әлеуетін кеңейту» дейді.


 Түркістандық диқандар суды үнемдеу керек екенін айтты. Одан ұтпаса, ұтылмайды. Аймақ шаруалары жаңбырлатып суару әдісімен мал азығын өсіруге ден қойған. Әдеттегідей мақтаға басымдық берілген. Мұнан бөлек, мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы еселенеді. Жұмыстар аустриялық тәсілмен жасалады дейді мамандар. 2027 жылға дейін 25 мың бас сатып алынады, сондай-ақ 4710 гектар алқапта малға арналған жемшөп өсіру жолға қойылған. Одан бөлек, 100-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Жобаның жалпы құны 16,2 млрд теңгені құрайды. Облыс әкімі алдағы уақытта Отырар ауданында 2 мақта зауыты салынатынын жеткізді.