Волейболдан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Ашық біріншілікке бас-аяғы 17 команда қатысып, бақ сынасты. Balahub балаларды дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен жарысқа Auzhan көптілді лицейі қолдау білдіріп отыр.
Жас айырмашылығы жағынан 3 топқа бөлінген командалар ә дегеннен-ақ тартысты ойын көрсетті. Бірінші болып алаңға Түркістан облысының Қазығұрт құрамасы мен Шымкент қаласының Чикаго булз командасы шықты. 14 - 15 жас аралағындағы қыздардың мықты дайындықпен келгендері көрініп тұр.
Balahub балаларды дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен жарысқа Даму бала бағдарламасы аясында жұмыс істеп отырған Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл облысындағы орталықтар қатысуда. Жылдан-жылға қатары көбейіп келе жатқан олардың жеткен жеткістіктері мен бағындырған белестері аз емес.
Ашық біріншілікте барын салған ұлдар командасы арасында І орын “Aqqala” командасына бұйырса, ІІ орын Шымкенттің “Tamshy” құрамасының қанжығасына байланды. Ал, ІІІ орынды Чикаго булз волейбол академиясының шәкірттері иеленді. Жеңімпаздар атанған жасөспірімдер алдағы уақытта спорт мектептеріне қабылданады.
11 – 12 жас аралығындағы қыздар командасы бойынша “Жалын” құрамасына тең келер ешкім болмады. Ал, ІІ орын “Қазығұрт” командасына, ІІІ орын чикаголықтарға бұйырды. Сондай-ақ 2013- 2014 жылғы қыздар арасында да «Чикаго булз» волейбол академиясының шәкірттері намысты қолдан бермей, көш басынан көрінді. ІІ орынды 15 - мектеп командасы иеленсе, ІІІ орынды жамбылдықтар місе тұтып қайтты. Жас буынды спортқа баулып, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында өткізілген жарыс алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады.