Футболдан ел чемпионатының 8 тур ойындары басталды. Күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған Қажымұқан стадионы әлемдік стандартқа сай қайта жабдықталып, жергілікті команда кезекті ойынын өз алаңында өткізді. Қызылорданың «Қайсарымен» кездескен «Ордабасы» қарсыласты қапы қалдырып, 5-0 есебімен басым түсті.
Тартысқа толы ойын жоғары қарқынмен басталды. Қос ұжым да жиі шабуылдап, барлау жұмыстарын жүргізді. Қарсыластан айла асырып, алға ұмтылған Бриазиялық сұрмерген Эвертон Мораиес ойынның 33 минутында гол соғып, есеп ашты. Алға аттаған жергілікті команда мұнымен шектелмей, шабуылды үдетті. Нәтижесінде ойынның 33 минутында «Қайсарлық» Карам Сұлтанов жаза басып, өз қақпасына гол соқты.
Екі гол жіберген Қызылордалық ұжым қорғанысқа беттеді. Бірақ мұнысынан да ешбір нәтиже болмады. Ойынның 76 минутында Молдавалық лигионер Виктор Мудрак, 84 минутта Еркебұлан Тұңғышбаев және 93 минутта Сергей Малый гол соғып, таблодағы есепті 5-0-ге жеткізді.