27 наурыз – халықаралық театр күні. Биыл бұл дата «Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының» 40 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. «Қырық ертегі - қырық кейіпкер» тақырыбында оқушылар арасындағы сурет байқауы республикалық деңгейде ұйымдастырылған. Байқау «2022 жыл - Балалар жылына» орай талантты жастарды қолдап, өз белсенділігін көрсетуге мүмкіндік беру, дарынды жастарды анықтау және балалардың шығармашылық шеберліктерін, қабілеттерін шыңдау мақсатында бір жыл бұрын жарияланған еді.  


Мерекелік бағдарламада театр қорындағы  қуыршақтардың шеруі, театрландырылған көріністер мен мерекелік концерттік бағдарлама,  сурет байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жүлделі орындарға арнайы бағалы сыйлықтар берілді. Оның ішінде: I орынға «1-маусым Халықаралық балалар күніне» орай ұйымдастырылатын «Шымкентке кел» туристік бағытына арналған тур-билеті табысталады. Үш күн ішінде қаланың 40 көрікті тарихи кешендерін  тамашалайды. II орынға «Құрметті көрермен» сертификаты табысталады. Осы сертификатпен бір жыл ішінде  кез келген қойылымдарды тамашалайды. III орынға «12 ай – 12 ертегі» сертификаты табысталады.  Әр айда қалаған бір ертегіні келіп тамашалайды. Жеңімпаздардың жұмыстары болашақта ашылатын музейдің қорында сақталатын болады.

Қалалық жасөспірімдер және қуыршақ театры құрылған 40 жылдан бері балаларға арнап 150-ге жуық қойылым қойып, 500-ден аса қуыршақ әзірлеген. Анимациялық фильмдер жанарды жаулаған заманда қуыршақтардың сөйлеуі – ерекше құбылысқа айналғандай...