Еліміз бойынша қызылша жұқтырғандардың қатары көбейіп барады. Жыл басынан бері 60 жуық жағдай тіркеліп, ақ халаттыларды алаңдатуда. Оның 2-еуі шымкенттік. Мамандардың айтуынша, екпе қабылдамаған жасөспірімдер, қонақтан келісімен мазалары қашып, бірден ауруханаға жатқызылыпты.


Қызылшаның бұл күндегі белгісі – тұмау секілді басталып, 3-5 күннің ішінде денеде бөрітпелер пайда болады. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дәрігерді үйге шақыртып, жұқпаны одан әрі асқындырмай, бастапқы сатысында емделген жөн. Санитар мамандардың айтуынша, соңғы екі жылда қызылшаға шалдыққандар тіркелмепті. Осы аралықта, ковидпен басы қатқан ағайынның екпе алмағаны анық. Оның салдары, бүгінде өз зардабын тигізуде.
Қызылшаның алдын-алудың ең тиімді, сенімді әрі баламасыз жолы – вакцинация, дейді санитар мамандар. Екпе алу арқылы вирусты жасанды жолмен тоқтатып, ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады екен. Қызылшаға қарсы вакцина 1963 жылдан бері егіліп келеді. Сол уақытқа дейін, жұқпамен ауырғандар арасында өлім-жітім көрсеткіші анағұрлым жоғары болған.
Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы ауру. Вирус сыртқы ортаға ауру адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде сілекеймен бірге бөлінеді. Егер де, бұрын қызылшамен ауырмаған немесе екпе қабылдамаған адам, науқаспен байланыста болса  жұқтыру қаупі өте жоғары.