Шымкентте  Қажымұқан  атындағы орталық  стадионында волейболдан  жасөспірімдер арасында кезекті Қазақстан  чемпионаты  аяқталды. Дүбірлі додаға Республикамыздың  барлық  аймақтарынан 21  команда  қатысқан. Ал, ақтық  сында Талдықорғанның «Жетісу»  командасы мен  алаң  иелері  шымкенттіктер күш  сынасты.


Жас  волейболшылар арасында  аса  тартысты  өткен  бұл Қазақстан  чемпионатында еліміздің  ең  үздік талантты  жасөспірімдер  командасы  өнер көрсетті. Шаршы  алаңда  олар  төрт  топқа  бөлініп мегаполис  қаламыздағы  төрт  спорт  кешенінде    өзара  мықтыны  анықтаған болатын. Осы  топтан  жеңіске  жеткен Түркістан, Алматы  облыстары мен   Астана, Павлодар, Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларының волейболшылары  бас  жүлде  үшін  күш-жігерлерін  көрсетті. Қазіргі  таңда Шымкент  қаласында  волейбол  спортын әлемдік  деңгейде  дамыту  үшін  жан-жақты  бағытта  жұмыстар  атқарылып келеді.
Шешуші  ойында  бас  жүлдені сарапқа  салу  үшін  Талдықорғанның «Жетісу»  командасы мен  алаң  иелері  арасында  аса  тартысты  кездесу  өтті.  Тіпті,  жергілікті  жанкүйерлердің  қызу  қолдаулары  да  бұл  ретте  септігін   тигізе  алмады. Нәтижесінде, 3;2  есеппен  қонақтар  бас  жүлдені  қанжығаларына  байлап кетті. Жүлделі  үшінші  орынды  Тараз  волейболшылары  иеленді. Енді  осы  жеңімпаз  атанған спортшылар  өз  жас  ерекшеліктері  бойынша  әлемдік  деңгейде  ұлттық  құраманың  намысын  қорғайды.