«PATRIOT CUP». Шымкенттік жастар пікірсайыстан жүлдемен оралды. Алматыда өткен турнирінде «Aqiqat» дебат орталығының спикері жан-жақты, ұшқыр ойымен көзге түскен. Жалпы пікірсайыстың патриот жастарды қалыптастыруда орны қаншалықты? Қазақстандық жастар арасында патриотизм сезімін қалай арттыруға болады?


25-26 наурыз күндері Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Patriot Cup 9» турнирі өтті. Оған Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанынан құрылған «Aqiqat» пікірсайыс орталығының спикерлері қатысып, арнайы жүлдеге қол жеткізді. Пікірсайысшылар пікірінше, жастардың патриоттық рухын  көтеруде дебаттың алар орны айрықша.
Тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жанысбекованың айтуынша, елімізде Кеңестік кездегі Қызыл империяның құлдығын көрмеген еркін жастар өсіп жатыр. Бүгінде олар үшін өз үйі, жері мен елі үшін таза ниетпен жұмыс істеуге мүмкіндік көп. Жеке мүддеден ұлттық мүддені артық қоятындай саналы жастар – нағыз патриоттар, - дейді ғалым.
Ал болашақ журналист Қанат Жолдасбеков ұлтшылдық пен ұлтжандылықтың айырмашылығы бар, одан шатаспауымыз керек дейді. Оның сөзінше, бүгінгі заманның интелектуал азаматы – өз ұлтын сүйіп, өзге ұлтты құрметтей алатын адам.  
Жастардың патриоттық сезімін одан әрі көтеру үшін бос сөз бен артық даурықпадан ада әрекеттер керек. Ал 20 жылдан астам тарихы бар Ақиқат пікірсайыс орталығынан 7,5 мыңнан астам сауатты, әрі сыни ойлай алатын жас шықты. Бүгінде 80-ге жуық спикер жан-жақты дамып келеді. Міне, осындай патриотизм негізін білетін жастар – елдің болашағы.