Рамазан айының ортасына да жақындап қалды. Ораза айындағы өзіндік  діни тұрмыс-салт жырларының бірі -  жарапазан айту. Қазір үй-үйді аралап қана қоймай, көшедегі көліктерге де  жарапазан айтып жүрген балаларды байқап жүрміз. Бұл қаншалықты орынды? Жарамазан айту – мәдени қайыршылыққа айналып бара жатқан жоқ па?

Иә, қазір жасы бар, жасамысы бар осылай жарапазан айтып, тиын-тебен тауып жүр. Мұны маусымдық табыс көзіне айналдырып алуға бола ма?

Қазақ даласына ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі - жарамазан. Оны еліміздің кейбір өңірінде «Жарамазан» деп те атайды. Арабтың «Жә Рамазан» деген сөзінен шыққан тіркестің мағынасы «Рамазан келді» дегенді білдіреді. Ол Ораза айтында ғана емес, Рамазан айы бойы айтылады. Ал оның негізі о бастағы мақсаты – ауыз бекіткен адамды сәресіне ояту болған.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың еңбегінен де жарамазан туралы ойды кездестіреміз. Ағартушы жарапазанды балалар мен жастар жиі айтады, дегенмен белгілі бір жастағылар ғана айтуы керек деген талап жоқ, оны ешкім ерсі деп санамайды. Қайта адамдар жарамазан айтып келгендерге қуанып, батасын алып, оларға түрлі тәттілер мен сыйлықтар үлестіріп береді. Кейінгі кезде ақша да беріледі деп жазған. Ал бүгінгі заманда жарапазан айту дәстүрінің мақсаты мен миссиясы өзгеріп кетпеді ме?!

Байқағанымыздай бүгінде жарамазан жыры жаңғырып, өзгеше реңке ие болды. Балалар мен жасөсіпімдер, тіпті келіншектер де  өлең жолдарын мейрамхана мен дәмханаларда, тіпті көшеде көлік арасында да айтып жүр. Полиция өкілі кәмілетке толмаған балалардың кешкі уақытта қараусыз жолда жүргені үшін ата-аналары жауапкершілікке тартылатынын еске салды.