Бүгінгі таңда оқушылардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында, Шымкент қаласы бойынша 225 тен астам мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасайды. Онда бүгінге дейін 180 мың оқушы демалып шықты. Ал, қала сыртында 17 демалыс аумағы өз жұмысын жалғастырып жатыр.

 Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы бойынша 7241 оқушы қала сыртындағы 17 лагерьде демалу жоспарланған. «ҮШ БҰЛАҚ» және «ГАВАЙИ» жазғы сауықтыру лагерлерінде қосымша көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары дем алып жатыр.


Лагерге барған демалушы оқушыларды медбике тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Жазғы лагерде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмайды. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға бес мезгіл тамақ беріледі екен. Балалардың демалу уақыты әр маусымға 10 күннен жоспарланған.

«Бала күлкіге тоймас» дегендей, балалар көңілді демалып, жанын әнге, сылдыр күлкіге тойдырып, әртүрлі іс-шаралар мен спорттық ойындарға қатысады. Күнде жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өтіледі. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына бар күш-жігерлерін, өнерлерін аямай жұмсайды.

 Оқушылар ән айтып, би билеп, демалыс лагерінің жұмысын қыздыра түседі.  Балалардың  демалуына барлық жағдайлар жасалған, жаз мезгілін жыл сайын асыға күтетінін, лагерге келу арқылы көп дос табатынын, түрлі іс-шараларға қатысып, көңіл көтеріп  мәз-мейрам болады. Осылайша балаларымыздың әр күні мәнді де сәнді өтеді.