Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымағы берік, бірлігі бекем. Шымкентке ала шапанды ағайынның өкілдері келіп, өнер көрсетіп жатыр. Қалалықтарға мың бұралған бишілер жарқын көңіл күй сыйлап, достықтың үлгісін көрсетіп қайтты.

Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы бағдарламасы аясында іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Бұл сан ғасырлық достық пен халықаралық бірліктің үлгісі мен жарқын көрінісі.

Өзбекстандық өнерпаздар елге жиі келіп тұратынын айтады. Мәдени шаралар мен айтулы даталарды жібермейді. Олардың елде көрермені де көп. Тағатсыздана күтіп, концерттерін сүйіп көреді.

Еркінбай Дәулетбаев, «Tumor» raqs ansambli би тобының мүшесі        
- Қазақстанның Шымкент қаласындағы «Қазына» би ансамблінің ұжымымен алғаш рет бірлескен достық концертін өткізіп жатырмыз. Таңертеңнен жақсы көңіл күймен күтіп алды. Дайындықтан соң, көрермен алдына шабыттанып шығып, кешімізді керемет өткізіп аламыз деген үміттеміз.

Айта кету керек, Қазақстан халқының 3 % өзбек этносының өкілдері. Ал Шымкентте ала тақиялылардың үлес салмағы 30 процент болып отыр. Қалада «Плау фест», «Өзбекстанның мәдениет күндері» секілді іс-шаралар кешені жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өзбек этномәдени бірлестігі жұмыс істейді.