Желтоқсан айында Шымкентте күн райы шуақты болады. Қазгидромет мамандары осылай болжам жасап отыр. Сөздеріне сенсек биыл қыс мезгілі жылы болады. Есесіне Түркістан облысының таулы аймағында қар жауып температура нөлден төмендейді.
Биылғы қыс жайлылығымен қазақстандықтарды қуантады. Елдің барлық өңірінде температура әдеттегі нормадан жоғары болады. Синоптиктердің сөзіне сенсек, оңтүстік өңірде термометр кей күндері плюсті көрсетеді. Дегенмен солтүсік пен шығысты аяз айналып өтпейді. Батыс Қазақстан облысында термометр түнде минус тоғыз градусқа дейін ғана төмендеуі мүмкін. Ал оңтүстіктегі интервал +1 мен +6 градустың аралығында болады. Желтоқсанда Шымкентте жауын-шашын аз болады. Есесіне Түркістан облысында ауа температурасы күрт төмендеп, таулы аймақтарда қар жауу ықтималдылығы бар. Айта өтейік синоптиктер биыл қыс 2001-2002 жылғыдай жылы әрі жауын-шашын нормаға жақын не одан жоғары болады деп болжам жасаған еді.