Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков демалыс күндері қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралады. Әкім алдымен «Ikomek 109 Shymkent» біріңғай байланыс орталынғына барып атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Орталыққа жыл басынан 200 мыңнан аса арыз-шағым түсіпті. Қала басшысы жауаптыларға азаматтармен кері байланыс орнату арқылы қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжітұлы Бозарық шағын ауданындағы «Жарық» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысып, бірқатар өзекті мәселенің шешімін қарастырды. 


Аралау барысында Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков алдымен 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен танысты. Коммуналдық кәсіпорындардың барлық байланыс тетіктерін біріктіретін мекеме 24/7 тәртібінде жұмыс істейді. Тұрғындардың өтініштері белгіленген мерзімде мемлекеттік органдарға, коммуналдық мекемелерге жіберіледі. Орталыққа жыл басынан бері 203 916 арыз-шағым түскен. Оның 98,5%-ы орындалып, өз шешімін тапты. Қалған өтініштер жауапты мекемелердің қарауында. Мұнда күніне мыңнан аса арыз-шағым түседі. Қала әкімі жауаптыларға азаматтармен кері байланыс орнату арқылы қызмет сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ орталық директорына бір де бір арыз-шағымды қараусыз қалдырмай, көтерілген мәселелерді шұғыл шешуді ұйымдастыруды ескертті.


«ЖАРЫҚ» ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІН ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТАПСЫРУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Одане соң қала әкімі жауаптылармен бірге Бозарық шағын ауданындағы «Жарық» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысып, бірқатар өзекті мәселенің шешімін қарастырды. Бұл аумақта 5 қабатты 3 тұрғын үй салынған. Алайда жер телімінің құжаттарына байланысты инфрақұрылым жүйелері тартылмай отыр. Жол мәселесі де өзекті. Осындай түйткілді мәселелерді ескерген қала әкімі тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысына тұрғын үй кешенінің жер телімін заңдастыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ үйлерді табиғи газбен, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамту бойынша Энергетика және инфрақұрылымыды дамыту басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктелді. Бұл аралықта Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері шағал тас төсеу жұмыстарын ұйымдастыруға кіріседі. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында берілген тапсырмаларды орындауға нақты мерзімдер бекітілді. Тұрғын үй кешенін жыл соңына дейін тиісті азаматтарға тапсыру жоспарлануда.


БАСПАНАСЫ ҚИРАҒАН ҚАРИЯҒА ҮЙ САЛЫНАДЫ

СОндай-ақ қала әкімі Ғабит Сыздықбеков кәріз коллекторында орын алған апаттан баспанасы қирау алдында тұрған Людмила Панкратованың үйіне барды. Қиын жағдайда қалған қарияның жағдайын сұрап, қажетті көмектер көрсетілетінін жеткізді. Апат Қамысты көшесіндегі 60 жылдан бері қолданыста болған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не тиесілі кәріз коллекторында орын алды. Аумақта авариялық жағдайды жою мақсатында шұғыл түрде кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Қазір коллекторды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде комиссиялық тәртіппен мүліктер қалпына келтірілуде. Қала әкімі Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысына «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС өкілдерімен бірлесіп, заңнамаға сәйкес құбырдың жарылу себебіне талдау жасап, өзекті мәселелерді шешуді, суағар жүйелерін жүргізуді тапсырды. Ал аудан әкіміне апат салдарынан зақым келген үйді бұзу, қайта салу жұмыстарын, уақытша жалдамалы пәтер ақысының төленуін қадағалау бойынша нақты тапсырма берді.