Шет елдерде оқып жүр, талай қазақ баласы... Білім миграциясы.  Соңғы жылдары қазақ тілінің сөз қорына осындай тіркес келіп қосылды. Білім саласындағы жаңа тренд ел экономикасы үшін қаншалықты пайдалы, қаншалықты зиянды? Сарапшылардың айтуынша, шетелде оқып келіп, елде еңбек етіп жүрген жастардың қатары көбейген. Олар әсіресе, мемлекеттік құрылымдардың басшылық құрамында жұмыс істеп жүр.

Динара Нұрдәулет – қаладағы жекеменшік мектептердің бірінің түлегі. Білімге құштар бұрымдының арманы әу бастан-ақ, шетелде оқу болатын. Таңдаған мамандығы – ІТ саласы. Бұл  бәсекелестігі ең жоғарғы мамандықтардың бірі. Мақсатына жету үшін ол әуелі шет тілін жетік меңгеру екенін жақсы түсінді. Сөйтіп, Динара халықаралық Тоефл, Айелтс бағдарламасы бойынша оқуды жөн деп тапты. Арманы алдаған жоқ. Динара Альфа академиясында екі жыл оқып, қорытынды нәтиже бойынша 20 университетке білім грантын жеңіп алды.  

Енді таңдау өзінде. Қазіргі таңда Динараның ұтып алған қаржылай көмегінің сомасы 1.000.000$ дан жоғары. Ал оны осы деңгейге жеткізген ұстаздары жыл сайын 50 шәкіртті оқытып, қияға қанат қақтыратын айтады.

 Академияда түрлі жобалар бар. «Тілдер саябағы» атты әлеуметтік  жоба жұмыс істейді.  Осы арқылы үміткерлер үш ай бойы қазақ, орыс және ағылшын, түрік және француз тілдерін оқып, меңгереді. Бұл әлеуметтік жоба. Бұл бағытқа 6-жастағы бала да, 60 жастағы қария да білім алуға мүмкіндік бар.

Шетелдік танымал университетте білім алу – бүгінде айтарлықтай дәреже.  Жарқын болашақ кепілі. Халықаралық деңгейде оқып, дипломын алған жас маман өз елімізде де, өзге елде де елеулі жетістікке жете алады деген ұстаным бар. Ресми емес деректерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстаннан шамамен 100 мыңдай студент шет елдерде білім алуға аттанады екен. Қолымызға іліккен статистикалық мәлімет UNESCO  ұйымына тиесілі: 2020 жылды қамтыған бұл деректе шет елдерде 83,5 мың қазақстандық студент білім алуда делінген.