Биылғы мамырдың 25-і жексенбіге түсіп тұр. Осыған байланысты соңғы қоңырау бүгін соғылды. Алтын ұя мектебімен қоштасқан түлектердің көңілінде қуанышпен қатар қимастық та бар. Жүректерді толқытқан сәтте құзырлы орган қызметкерлері қауіпсіздікті қайта-қайта еске салуда. Оны елер бала бар ма?
Бүгін мектеп бітірушілері үшін ерекше күн. Балалықпен қоштасып, болашаққа қадам басқан түлектер ұстаздарына алғыс айтып, 11 жыл білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебіне бас иіп құрметтерін көрсетті.
Салтанатты шарада білім ошағының басшысы мен ұстаздар қауымы үлкен өмірге қанат қаққан шәкірттеріне ыстық лебіздерін білдірді. Түрлі республикалық және халықаралық білім сайыстарында үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды марапаттап, сәт-сапар тіледі. Жүректерді толқытқан сәтте құзырлы орган қызметкерлері қауіпсіздікті қайта-қайта еске салып, мектептер қатаң бақылауда тұрғанын жеткізді.
Қуаныш пен қимастық сезімі қатар өрілген күнде жас түлектер ұстаздарына ақ жарма тілектерін арнап, алтын ұяларын әнге қосты. Қоштасу вальсін билеп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Шымкентте биыл 15 217 оқушы мектеп бітіріп жатыр. Оның ішінде 670-сі «Алтын белгіге», 1047 шәкірт «Үздікке» үмтікер. Айтып өтейік, соңғы қоңырау дәл бүгін қаланың 290 мектебінде соғылды.