Түркістанда алғаш рет мектеп психологтарына арналған облыстық конференция өтті. Лекция мен практика форматында ұйымдастырылған жиынға мыңға жуық педагог-психолог қатысып электрондық жүйенің қыр-сырымен танысты.
Басқосуда балалардың зорлық-зомбылыққа, буллингке және кибербуллингке ұшыраған немесе оның куәгері болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтап, оларға тиісті көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажеттігі туралы айтылды. Осы орайда, кәсіби психологтар жаңа идеяларымен бөлісіп, ортақ мәселелерге бірге жауап іздеді.
КАМИЛА СӘКЕН, WEGLOBAI. AI КОМПАНИЯСЫНЫҢ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
«Біздің платформа арқылы мектеп психологтарының 80 пайыз уақытын оқушылармен жеке жұмысқа бөле алады. Өйткені, оның алдында қағаздық жұмыс бар, есеп беру деген бар, отчет тапсыру деген бар, данныйларды жинау деген нәрселер бар. Оның барлығына педагогтың өте көп уақыты кетеді. Қазір болса, оның бәрі цифрландырылған, автоматтандырылған».
Психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасованың айтуынша, балалардың, ата-аналар мен педагогтердің психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйелі қызметті қалыптастыру – негізгі мәселе. Қатысушылар тәжірибелік тренингтер арқылы практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алды.
ОРАЗКҮЛ ҚОЛДАСОВА, ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Баланың дұрыс қанаттануына, түзу ұшуына өзінің үлесін қосып жатқан ата-аналар бар. Мұғалімдер жалпы қоғам үлкен қызметте отырған аға-әпкелердің барлығының үндерін тыңдау үшін конференцияны өткізіп отырған жайымыз бар. Бүгінгі конференциямызға келіп, болашағымыз үшін, ұлттың болашағы үшін келіп қатысып отырған, өз ойын, өз үнін білдіретін қонақтарға рахметімді айтқым келеді».
Іс-шараның басты мақсаты – мектеп психологтарының кәсіби құзыреттілігін арттыру және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін бірыңғай кәсіби алаң қалыптастыру. Конференция жұмысына арнайы сарапшылар қатысып, қазіргі білім беру кеңістігіндегі психологиялық қызметтің өзекті мәселелері мен болашағы туралы баяндамалар жасады.