Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, жергілікті бюджеттің орындалуы және жол құрылысы мәселелері қойылды. Басқарма жауаптылары тиісті тақырыптар төңірегінде баяндама жасап, саладағы өзгерістер жайынан хабардар етті. Толығырақ алқалы жиынға қатысып қайтқан әріптесім Қанат Жолдасбек тарқата айтады.


Былтыр экономикалық оң өзгерістер бюджет кірісін арттырып, жоспарланған меже толық орындалған. Бұл туралы қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаев мәлімдеді. Айтуынша 2024 жылы бекітілген бюджет көлемі 653,9 млрд.теңге болған. Алайда кейіннен ол тағы 5 рет нақтыланып, 8 рет түзету енгізілген. Нәтижесінде көлемі 129,5 млрд.теңгеге ұлғайып, ауқымы артқан. Ал болжамды түсім 7,9 млрд теңгеге артық орындалып, қала табысы 791,4 млрд теңгеге жеткен. Өзіндік кіріс көлемі 422 млрд теңгегені құраған. Салық түсімдері де жоспардағы межеден артқан. Мұның себебін жауапты сала басшысы шағын және орта бизнес субъектілерінің көбеюімен байланыстырды. Өсім мен даму қарқыны жоғары. Десе де салада кейбір шикілік пен игерілмеген қаржы да бар.


РУСЛАН БАҚТЫБАЕВ, ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 – «Субъективті себептермен 1 492 млн.теңге мердігерлермен тауарлар мерзімінде жеткізілмеуі, атқарылған жұмыс актілері ұсынылмауы, сот процесстері аяқталмауы себептерінен игерілмеді. Атап айтқанда - Полиция департаментінде - 545 млн.тг, Аудан әкімі аппараттарында - 431 млн.тг , Білім басқармасында - 173 млн.тг , Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасында - 130 млн.тг , Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында - 129 млн.тг, Басқа да басқармалар бойынша 84 млн.теңге игерілмеді.» 


Жиында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов те сөз салып, қала тұрғындарын қоғамдық көлік қызметімен қамту, жол құрылысын сапалы атқару бойынша баяндама жасады. Сөзінше биыл басқармаға жергілікті бюджеттен 125,3 млрд, республикалық қазынадан 9,7 млрд теңге бөлінген. Оның 92,3 млрды автомобиль жолдары саласына бағытталса, 42,7 млрд теңге қоғамдық көлік саласында бекітілген. Жауапты басшысының сөзінше өткен жылы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 75%-ға жеткен. Ал биыл басқарма бұл көрсеткішті 90%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін 605 шақырымды құрайтын 540 көшеге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, пайдалануға беруді көздейді.


РОЛАН ИБРАГИМОВ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 - Қалада көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту бағытында ұзындығы 45,7 шақырымды құрайтын 15 ірі жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ: Қонаев даңғылының жалғасының құрылысы –ұзындығы 16,3 шақырым. Қазіргі таңда, 2 және 5-кезеңі құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 артыжылдығында 2-кезеңі құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. - А-2 автомобиль жолын қайта құру – жалпы ұзындығы 28,2 шақырым, 8 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда 5, 6, 7 және 8 кезеңдері құрылысы жүргізілуде. Биыл 6, 7 және 8 кезеңдерін аяқтап пайдалануға беру қарастырылған» 


 Алқалы жиын әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысып, кеңес мүшелері баяндамашыларға көкейтесті сауалдарын жолдады. Спикерлердің баяндамалары қабылданып, мақұлданды.