Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы. Дәл осы тақырып аясында этнос өкілдерінің арасында сайыс өтті. Оған 18 бен 35 жас аралығындағы қазақ тілін жетік меңгерген 10 жас қатысып, өзара бақ сынады.


Байқауға қатысушылардың басым дені ұстаздар. Бірі бастауыш сыныпқа сабақ берсе, енді бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Солардың бірі Гунэл Алиева. Ю. Гагарин атындағы №34 мектепте жұмыс істейтін ол бала кезден мемлекеттік тілді жетік меңгергенін айтады.


ГУНЭЛ АЛИЕВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ

«Мен қазақ тілін мектеп қабырғасында үйрене бастадым. Мен үшін қазақ тілінің мұғалімі ерекше мұғалім болды. Ол кісіні қатты жақсы көрдім. Содан менің қазақ тіліне деген қызығушылығым, махаббатым артты деп айтсам болды. Біз достарымыздың арасында, әріптестеріміздің арасында, отбасымызда қазақ тілінде сөйлейміз. Және де оны үйренудеміз. Мен ойлаймын Қазақстанда тұрғаннан кейін қазақ тілін білу әрбір азаматтың парызы».


Бақ сынауға келгендердің бәрі де қазақ тілін еркін меңгергені көрініп тұр. Олар алдымен өздерін таныстырып, мемлекеттік тілдің дамуына қосып жүрген үлесі жайлы ой қозғады.Одан соң мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді жалғастыру арқылы байлығын көрсетіп, берілген тақырыптар аясында еркін ой толғады.


 ГҮЛМИРА ЖАНЫСБЕКОВА, ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«ҚР Тіл саясатының 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Осы тұжырымдамаға сәйкес, іс-шаралар жоспары бар. Бүгінгі іс-шарамыз осы жоспардың бір бөлігі. Байқаудың мақсаты – этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілде сөйлеп, қарым-қатынасты жақсарту. Іріктеуге тілі таза, жатық этнос өкілдерін саралап алдық».


 Байқауға төрелік еткен қазылар алқасы қатысушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне айрықша мән берді. Сонымен қатар ойдың мазмұндылығы мен нақтылығына да назар аударылып, сахна мәдениеті мен кәсіби біліктілігі де бағаланды. Дәстүрге айналған байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.