Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының ашық диалог аланыңда облыс тұрғындармен кездесуі жалғасып жатыр. Онда өңір мәселелері тұрғындармен бірге көтеріліп, шешу жолдары қарастырылады. Кезекті кездесу Отырар ауданында өтті. Жиын барысында облысты дамыту бағытында атқарылған жұмыстар баяндалып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді. Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылды.


 Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыстар әрбір ауданда жүруі керек деді.   Жиында Отырар ауданы әкімінің аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 60 пайызға өсіп, 2023 жылы 80 млрд теңгеге жетті. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 34 млрд теңгеден асып, жоспар 5,7 млрд теңгеге артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 41 млрд теңгені құрап, жоспар 1,7 млрд теңгеге артығымен орындалды.


 Өңір басшысының іссапары барысында тамыз айында пайдалануға берілетін  «Жайлы мектеп» пен мәдениет үйі таныстырылды. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысын пысықтаған Дархан Сатыбалды «Жайлы мектептің» құрылыс үлгісін өзге білім ұяларына да қолдануды ұсынды. Жауапты тұлғаларға жұмыс барысында туындаған мәселелерді назарға алу ұсынылды. Жалпы, өңірде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасы өңір басшысының бақылауында тұр. Оның ішінде Отырар ауданының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасады.