Көмірді ертерек алып қойыңыз! Мамандар қатты отын тұтынатын тұрғындарға қазір күн жылы, кезек азда қамданып қалуға кеңес беріп отыр. Әзірге көмірмен қамту жағынан тұрғындар тарапынан арыз-шағым түскен жоқ, тапшылық та байқалмайды. Сонда да сақтықта қорлық жоқ дейді әкімдік өкілдері.


Бұл - Шекербек Жұмағұлов. «Тассай» шағын ауданының тұрғыны. Әзірге газ жоқ болғандықтан, қыста қосымша көмір де жағады. Қазір кезек аз кезде 19 450 теңгеге алып қалып отыр.


ШЕКЕРБЕК ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Әзір көмірвазда көмір бар. Ерте қамданып, әзірден көмір алуға келіп, алып жатырмын»


1 тонна көмірдің бағасы 19 350-19 650 теңге аралығында. Бұл Республика бойынша орташа сома. Шымкент қаласының көмірге қажеттілігі 38,4 мың тонна. Шаһар бойынша 6 темір жол тупигінде өңірлік 8 көмір операторы жұмыс істеп жатыр.


ЕРБОЛАТ МАМЫРХАН, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

«4,5 мың тонна бюджеттік мекемелерге, келісім-шарт жасалған, яғни бюджеттік мекемелер көмірмен толық қамтылған. Ал тұрғындарға ауа райы күрт өзгермей тұрып, көмір сатып алып, қамдануын сұранамыз»


Операторлар тасымалдайтын көмір Шұбаркөлдің қара отыны. Ол Қарағанды облысынан тасымалданады. Бағаның әр өңірде түрлі болуының себебі де осы. Ал 6 көмір тупигінің мекен-жайы мен байланыс нөмірін әкімдіктер әлеуметтік желіге жариялайды.