Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапары аясында үшінші мегаполистің қазіргі даму барысымен және Мемлекет басшысының "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Жолдауын іске асырылу барысымен танысты.

"Оңтүстік" индустриалды аймағының аумағында Үкімет басшысы сусындарға арналған алюминий қалбырлар мен қақпақтар шығаратын QazAlPack кәсіпорында болды. Өндірістік қуаты жылына 1,2 млрд дана банка шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 360 адам жұмыс істейді. Өндірілген өнім ішкі нарықты қамтып, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне де экспортталады.  

ДАНИЯР ЖҮНІС, QazAllPack ЖШС-НІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ
Жоба мемлекет қолдауымен, оның ішінде заттай грант түріндегі дайын инфрақұрылыммен жер телімін берумен жүзеге асырылды. Халық банкі мен «Даму» АҚ қатысуымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несиелендіру, сондай-ақ Индустриалды дамыту қоры мен меншікті инвестициялар есебінен қаржыландырылды. Өнімдеріміздің 40 пайызы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей сияқты елдерге экспортталады. Өнімнің 60 пайызы Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіледі.


Үкімет басшысы сондай-ақ "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" мұнай өңдеу зауытында түрлі отын түрлерін өндірудің технологиялық тізбегімен танысты. Кәсіпорын жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнім түрлерінің қатарына автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған көмірсутек газы, мазут және басқа да мұнай өнімдері жатады.


Сапар барысында Премьер-Министр жаңадан салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және жол нысандары мысалында Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуымен танысты. Онда жыл соңына дейін 2,6 мың пәтерге арналған 66 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары туралы баяндалды. Биыл1,4 млн шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Шағын аудандарда жайлы мектептер, емханалар, заманауи спорт кешендерінің, сондай-ақ Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр.