Кеше Шымкентте «Coca-Cola Kazakhstan» сусын өндіру зауыты ашылды. Лентасын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қиды.


«Сауда-логистикалық орталық аумағында орналасқан нысан шаһардың экономикалық дамуына оң серпін берері анық. Инвестициялық климатты жақсарту – мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі» - деді мегаполис басшысы. Жобаның құны 27 млрд теңге. Жылдық өндірістік қуаты – 283 млн литр өнім. Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Компанияның өнім ассортиментінде газдалған және газдалмаған сусындар, салқын шай және әртүрлі көлемдегі шырындар бар. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылып, өнеркәсіптік кәсіпорындар шығарған өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.