Ардагерлер атом электр станциясын салу ұсынысын қолдап отыр. Кеңестің кезекті пленумында Жолдаудағы президент бастамасымен көтерілген тақырып талқыланды. Зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында ғалымдар баяндама жасап, АЭС-тің артықшылығын түсіндірді.


 Қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет еткендіктен жаңа энергия көздерін зерттеу бүгінде аса маңызға ие. Осылай деген баяндамашылар ғылымның дамуымен қатар су мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздеріне сұраныс артып жатқанын жеткізді. Сәйкесінше, бұл қолдану көрсеткіші бірнеше жылда энергия тапшылығына алып келеді, - дейді ардагер энергетик.


Күн, жел, биоотын, геотермалдық энергия сияқты негізгі қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін экологиялық таза. Алайда, бұлтты ауа-райында және жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісі мүлдем тоқтап қалады. Ал Жылу электр станцияларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай энергия өндірісінің шикізат бағасы күн сайын өсіп келеді. Атом электр станциясы отын ретінде аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. Сондықтан да Ардагерлер кеңесінің төрағасы алдағы референдумда дұрыс таңдау жасау қажет екенін жеткізді.


  ХХ ғасырдың ортасында уран мен плутонийдің ядроларын бөлу арқылы аз шығындалып көп энергия алу мүмкіндігі пайда болды. Яғни, ядролық реакторда уран ядроларын ыдырату арқылы жүргізілетін ядролық реакция нәтижесінде электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын көп мөлшерде жылу бөлінеді. Бастапқыда баламалы энергия көзі болып есептелген ядролық энергия тез арада әлемдегі жетекші энергия көздерінің біріне айналып үлгерді.